Экономика

«KEGOC» батыс Қазақстандағы электр желілерінің әлеуетін  арттырмақ

«KEGOC» акционерлік қоғамы еліміздің электр энергетикасы саласындағы жетекші компания болып саналады. Құрылған күннен бастап «KEGOC» еліміздің басты электр желілік компаниясы ретінде Қазақстан халқын және  кәсіпорындарын электр энергиясымен үздіксіз жабдықтап келеді. Сонымен қатар, Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған ірі ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырады, жұмыс режимдерін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқару және электр энергиясын өндіру және тұтыну теңгерімін ұйымдастыру бойынша қызметтер көрсетеді.

Бүгінгі таңда іске асырылған жобалардың санатында «Қазақстанның Ұлттық электр торабын жаңғырту, Солтүстік – Оңтүстік транзитінің 500 кВ екінші электр жеткізу желісін салу, Мойнақ ГЭС-інің қуатын беру, кернеуі 500, 220 кВ желілері Қазақстан ҰЭТ-на жалғанатын 500кВ Алма қосалқы станциясын (ҚС) салу» және «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік транзитінің 500 кВ әуе желілерін салу» сынды сүбелі жобалар бар.

Компания жаңа энергия нысандарын салу және жұмыс істеп тұрғандарын қайта құру бойынша қызметін жалғастыруда. 2019 жылы «KEGOC» «Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) Батыс аймағының электр желісін күшейту» жобасын іске асыруға кірісті. Аталған жобаның шеңберінде компания активтерін, оның ішінде «KEGOC» АҚ «Ақтөбе жүйеаралық электр тораптары» филиалына қарасты нысандарды жаңғырту жоспарланып отыр.

Батыс Қазақстанның болашақта электр станцияларын дамытуда ауқымды жұмыстар қамтылған. Атап айтқанда, қолданыстағы электр станцияларының жабдықтарын техникалық қайта жарақтандыру мен жаңғыртуды, жұмыс істеп тұрған электр станцияларында жаңа қуаттарды енгізуді, жаңа электр стан-
цияларын салуды, сондай-ақ теңгерімге жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭС, КЭС) тарту ескерілген.

Батыс аймағы мен Ақтөбе облысының 2030 жылға дейінгі кезеңге кеңейтілетін және жаңа электр станцияларының белгіленген қуатын өзгерту жөніндегі жоспарларға негізделген қуат пен энергия теңгерімдерінің талдамасы көрсеткендей, жалпы батыс аймағының 2020 жылдан бастап электр энергиясы да, қуаты да шамадан тыс арта түспек. Ал, Ақтөбе облысында керісінше бұл көрсеткіштер тапшы болып табылады. Осыған байланысты таяу жылдары Батыс Қазақстан мен Атырау энергия торабы арасындағы желілердің өткізу қабілетінің артуымен қатар, электр ағыны күшейеді деп күтілуде.

Іске асыруға қабылданған электр желісін күшейту нұсқасы бірқатар мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, 220кВ «Орал – Атырау – Теңіз» бір тізбекті транзит жұмысының сенімділігінің төмендігіне байланысты туындап отырған қазіргі кездегі мәселелерді шешуге, Батыс Қазақстан – Орташа Еділ біріктірілген энергия жүйесі (РФ) байланыстарындағы мемлекет-
аралық ағындарды неғұрлым қарапайым басқаруға жағдай туады.

Жоба шеңберінде «KEGOC» АҚ «Ақтөбе ЖЭТ» филиалына қарасты 220кВ «Орал» ҚС қайта жөндеуден өткізіледі және 220кВ «Правобережная» ҚС-ның 220кВ АТҚ (Ашық тарату құрылғысы) кеңейтіледі. Жаңадан орнатылған басқару панельдері, автоматика, релелік қорғаныс және басқа да жабдықтар барлық заманауи талаптарға сай болмақ. Қауіпсіздік мәселелеріне де баса назар аударылады. Осылайша, қызметкерлерді өрттің пайда болуы туралы уақтылы хабардар ету және аумаққа бөгде адамдардың рұқсатсыз кіруін болдырмау үшін жобаланатын қосалқы станцияларда өрт хабарлағыштарының және периметрлік күзет сигнализациясының жай-күйін бақылауды жүзеге асыратын өрт-күзет сигнализациясы жүйесін орнату көзделіп отыр.

Сонымен қатар, экологиялық нормалар ескерілген. Жобаны іске асыру және энергия нысандарын пайдалануға беру кезінде атмосфераны ластайтын қалдық заттарды шығаратын қандай да бір көздер болмайды.

Жоба Қазақстан Республикасының батыс облыстары арасындағы электр желілерін күшейтуді көздейді және «Орал — Атырау — Теңіз» транзитіндегі 220 кВ-тық электр желісінің өткізу қабілетін екі есеге (100 МВт-тан 200 МВт-қа дейін) арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, жоба іске асқан соң Қазақстан БЭЖ-інің электр энергиясын өткізу қабілеті және Батыс аймағының тұтынушыларын электрмен жабдықтаудың сенімділігі айтарлықтай артады.

М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button